Ресми интернет-ресурсқа қош келдіңіз

Амангелді орта мектебі-Амангелді ауданында алғаш ашылған оқу орны. Мектеп тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Қазақ халқының ұлы ұстазы Ы.Алтынсариннің қайраткерлік қажырлы қызметінің нәтижесінде Қараторғай болысында алғаш 1887 жылы төрт жылдық екі сыныпты оқу орны болып ұйымдастырылған.

Мектеп 1913 жылы осы күнгі Амангелді селосына көшіріп әкелінеді, мектеп үйін салушы  шеберлер-жергілікті  Бірназар  мен Қоңырша деген кісілер еді.

Мектеп Торғай уезіндегі бірсыпыра  болыстықты қамтитын орыс тіліндегі  төрт кластық болыстық мектеп, оның ішкі құрлысы бастауыш мектепке лайықты, екі класс бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, қалғандары жатахана мен асхана болды. Патшалы Россия кезінде, бұл мектепте көбіне байлардың ,  әлділердің  балалары ғана алынды.

Мектептің алғашқы мұғалімдері: Тастеміров Әбен, Кузнецова Лиза. Тастеміров Әбен 1және 4 класқа, Кузнецова Лиза 2 және 3 кластарға  сабақ берген, мектепте 70 тарта оқушы білім алған.

Мектептің алғашқы оқушыларынан бізге белгілілері: Омаров Жұмағали. Бұл кісі 38 жыл  бойы ұстаздық еткен, бірнеше медаль, ордендермен наградталған.

1913-1915 жылдары оқып, сауаттанып шыққан оқушылар: Нұржанов Қамза, Жабаев Хамза, Нарбаев Әмір, Мұсабаев Қуандық, Құттыбаев Біләл, Бүркітбаев Кенжегул, Қауынбаев Бәкір, Қаратышқанов Қара, Мырқалиев Қамза.

1916 жылғы патша өкіметінің озбыр саясатына қарсы қазақ кедейлерінің көтерілісімен азамат соғысы кезінде аудандағы жалғыз мектеп жабылып қалған болатын.Ауданның күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру оңайға түскен жоқ еді. Тек елде Совет үкіметі жеңіп, даладағы жағдай біршама қалыптасқаннан кейін мектеп жұмысы істей бастады.

1930-1931 оқу жылдарынан бастау алған еді бұрынғы 4 кластық болыстық мектеп, Совет кезеңінде 7 жылдық жұмысшы-жастар мектебі болып ұйымдастырылды. 7 жылдық мектеп болып жұмыс жасады.

Жетіжылдық мектептің  директорлары: Темірбаев Әбен, Мәмбетов, Абдуллин М, Рыстин Аймағанбет.Қалауов . Мектепте 6-7 мұғалім еңбек етті. Темірбаев Әбен орыс тілі және математика, Елеуов Сәбитбек-география , Рыстин Аймағанбет-физика, тарих пәндерінен сабақ берді. Осы аталған мұғалімдер педтехникум бітірген, сауатты, таңдаулы кадрлар еді.

1931-1933 жылдары осы мектепте оқыған Жақан Тоқсейтұлының естелігіне сүйенсек, 1931ж  Сәбитбек Елеуовтың  тынымсыз  ізденістерінің нәтижесінде босқын және жетім балаларға арналып интернат ашылады және мектеп директоры болады. Елдегі жастарды жаңаша оқуға тарту оңайға түспеген, мұғалімдер белсенділік көрсетіп болашақ ұрпақтың білім алуына аянбай тер төге білді. Ұлы іске аудандық жастардың комсомол ячейкасының  ( жетекшісі:Жаңғабылов Жаңбыршы) белсенді мүшелері болып, мектепке алғашқы оқушыларды тарта бастады. Олар: Жақыпбеков Әбдіғали, Қабылдин Мұсағали,Темірханов Нұрхан, Шоқанов Ләтіп,  Тоқсейітов Жақан, Наурызбаев Бөстекбай, Тұрсынов Алпысбай, Ахметов Шілдебай, Қиябеков Әубәкір, Сейдағалиев Жәлел, Арыстанбеков Тасмұрат т.б. Қылышбаева Зейнегүл-мектеп түлегі, Қазақстандағы өткен 1935 жылғы әйелдердің бірінші сьезіне қатысқан.

1933 жылдан бастап, мектеп жалпы білім беретін жетіжылдық мектеп болып қайта құрылды. Мектеп директоры Рыстин А, оқу ісінің меңгерушісі –Қолдасбаев Бірмағанбет. Мектепте 12 мұғалім жұмыс жасайды.

Қазіргі Амангелдідегі (Бұрыңғы Батпаққара) 1937 жылы жалпы білім беретін жетіжылдық орта мектебі болып ашылады. Орта мектеп болып ашылған жылы 8 класқа партаға  барлығы 44 оқушы отырады. Олар келесі 9-класта — 34 оқушы, 10- класта 11 оқушы аяқтап шыққан. Олар: Темірханов Нұрхан, Стамкулов Табысбек, Тұрманбеков Айтқұл, Шаяхметов Әуелбек, Жүсіпов Мұхат, Жақыпбеков Әбдіғали, Ахмедина Раушан, Наурызбаев Бөстекбай, Тоқсейітов Жақан, Шаменов Айдерке, Қабылдин Мұсағли.

1937 жылы үздік бітірген түлектер: Темірханов Нұрхан, Стамкулов Табысбек, Тұрманбеков Айтқұл, Жақыпбеков Әбдіғали.

Мұсағали Қабылдин – 1929 — 39 жылдар арасында Амангелді орта мектебін үздік бітіріп, Кеңес заманында заң қызметкері болады.

Тоқсейтов Жақан- мектепте оқып жүргенде зерек, пысық, сабақты жақсы оқыған оқушы болған.Кейін колхоз басқармасында басшылық істерге араласады, еңбек және соғыс ардагері, Құрметті зейнеткер.

Тұрмағанбетов Айтқұл — оқу озаты ретінде 1935 жылы Бүкілодақтық «Артек»пионер лагерінің ашылу салтанатына қатысқан. 1939 жылы мектепті үздік бітіріп, Қостанай педагогикасына емтихансыз қабылданады.Бірақ соғыс басталып кетіп, 1943 жылы майданға аттанады, соғыстан оралған жоқ.

1938-39 оқу жылында 26 мұғалімге еселенеді. Осы жылдар аралығында мектепте алғашқы жоғары педагогикалық білімі бар мамандар: Жайлыбеков Қ(математик), Бегалиев Гүлбатира(қазақ тілі мен әдебиеті), Әбікенов Ә(химия-биология), Жақаев  Әбдіғали (тарихшы), Әлмағанбетов Төлеген(қазақ тілі мен әдебиеті), Қаражігітов М (тарихшы), Қыдыралиев (қазақ тілі мен әдебиеті)

Ұлы Отан басталысымен бірқатар ер мұғалімдер майданға шақыртылады, ер мұғалімдердің орынын  толықтыру үшін 8-кластың 30 шақты оқушыларын бір жарым айлық педкурстан өткізеді. Оқуды аяқтаған оқушылар мектепке келіп, сабақ бере бастайды.Олардан бізге мәлімі: Жұмабике Баймұратова, Бимықова Ұлжалғас.

Соғыс жылдары мектептің жағдайы өте ауыр  болып,сыныптар бірде жабылып,бірде ашылып отырған.

Соғыстан кейін 1947- 1948 жылдары 10-класты 16 оқушы аяқтап, түлектердің көбі жоғары оқу орнына түседі және ғылым-білім қуып,өмірлік іздерін қалдырады. Солардың бірі- Қоңқышев Наурызбай, Омаров Ж, Жаппасбаев Мұса (география ғылымының кандидаты), Исмағұлов Мұхиден- зейнеткер жасына жеткенше білім саласында абройлы еңбек етті, мектеп басшысы, математика пәнінің мұғалімі болды.

Соғыстан кейін 50 жылдардың басы 60 жылдардың ортасында 1300 –ден астам оқушы  және мектеп жанынан 100 балалық интернат жұмыс істеді. Сыныптар әр түрлі мекемелердің бөлмелерінде орналасты. Балалар мектепке көп тартыла бастауына байланысты мектепті ұлғайту жоспарланды, бұл іске белсенділік таныта білгендер: апалы-сіңілі  Әлфия, Райса Галиевалар, Құдайбергенова Клара,Хасенов Жакен,Мәденов Шамшиден,Жармағанбетов Қаби.

1953-1954 оқу жылдары алғашқы бастауыш сыныптар ашылды.1946-51 жылдары Қасымов Ғыждуан мектеп басшысы болса, мектеп жас мамандармен толықты:Есмағанбетов Серікбай — Абай атындағы пединституттың тарих факультативін бітірген, Амангелді орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған.

Қазанғапова Жұпар -1947 жылы Орал педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультативін бітірген, оқу ісінің меңгерушісі, үлгілі ұстаз, аудандық  Кеңестің депутаты, кейін мектеп басқарушысы, өмірінің  35-37 жылын басқару ісіне арнаған аяулы ұстаз,ардақты ана.

Нұрмағанбетова Қаным — математик,  Жәкен Хасенов  — орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, Вера Кузнецова –орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, бастауыш сыныптарда сабақ берді.

1964-65 жылдары мектеп үшін елеулі жыл,  мектептен орыс сыныптары  сегізжылдық мектеп болып(директоры Әбішев Ғисса ) жеке шықты.

1967 жылы орта мектеп жаңа типті салынған үш қабатты мектеп үйіне көшті. Мектепке көрнекті құрал жабықтар  сол кездегі мектеп директоры Қ.Мұқатов пен еңбек пәнінің мұғалімі Ә.Наржанов Москвадан алып келеді.

50 жылдардың аяқ кезінде Алматыда 2-3 курс студенттерінің ішінен Москвада оқуға арнап жиналған талантты жастардың ішінен Москвада оқуға арнап жиналған талантты жастардың ішінде Амангелді орта мектебінің түлегі , физика-математика ғылымының кандидаты Марат Нұрманов та болды.

1970-1976 жылдарда  ұстаз  А.Мұқышев басқарған мектеп  көркемөнерпаздар үйірмесі мектептің, ауданның намысын республика көлемінде қорғады.

Мектеп тарихында мектеп басқарушылары саны-24. Темірбаев Әбен-1930-1932 ж.ж; Жалынбетов Дүйсен-1932-1933ж.ж; Қатпин Қасым-1941-1943ж.ж; Бекболсынов Оспан-1943-1945ж.ж; Жүсіпов Қазез-1945-1947ж.ж; Досмағанбетов Сарқантай-1947-1952ж.ж; Есмағамбетов Серікбай-1952-1953,1958,1966-1973ж.ж; Алшынбаев Алпыс-1954-1955ж.ж; Айтмағанбетов Кәрім-1955-1958ж.ж; Бегалиева Гүлбадира-1957-1958,1963-1965ж.ж; Қасымов Ғыждуан-1959-1962ж.ж; Мұқанбетқалиұлы Қабжәлел-1966-1969ж.ж; Әбішев Ғиса-1970-1972ж.ж;ҚазанғаповаЖұпар-1973-1976ж.ж;Сейдағалиқызы Ұлжалғас-1976 –1978 ж.ж; Байбатыров Қойшекен Тайжанұлы-1978-1982ж.ж; Кәкімов  Сәлімкерей- 1983-1984ж.ж; Карбозов Аманжол Карбозұлы-1984-1988 ж.ж; Бекентайқызы Несіп-1988-1999 ж.ж; Қиясов Шәбден Қиясұлы-1999-2000 ж.ж; Нұрғазин Еркін Мырзекенұлы-2000-2003,2011-2012 ж.ж; Альшорин Сейдағалым Шіменбайұлы-2003-2007ж.ж;Серікбаева Әсем Қыстаубайқызы-2007-2011ж.ж; Құсайынова Төлеутай Есенжолқызы-2013-2018ж.ж.

Мектепті бітірген түлектер саны – 7000-ға жуық.Мектепті  үздік бітірушілер саны – 65.

Мектептің қазіргі атауы  2014 жылғы  23 сәуірдегі   тіркеу № 106-1937-20-ММ  бекітілген жарғысы бойынша «Аманкелді ауданы  әкімдігінің білім беру бөлімінің Амангелді жалпы білім беретін орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып, заңды тұлға құқығын иеленді.

Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы,110200,Қостанай облысы, Амангелді ауданы ,Амангелді ауылы, Божманов көшесі,15 үй.

2013-2018 жылдар аралығында мектеп басқарып келе жатқан мектеп басшысы Құсайынова  Төлеутай Есенжолқызы. Мектепте  барлығы — 400 оқушы,  оның  112 оқушысы  үздік оқиды.

Бүгінгі күнде мектепте — 75  мұғалім,  жоғары санатты- 17, бірінші санатты мұғалімдер-23,       екінші санатты мұғалімдер -23, санатсыз мұғалімдер- 12 ұстаздар қауымы еңбек етуде.